22 ақпанда Алматыда кредит беру барысында туындайтын қатерлерді барынша азайтуға және қарыз алушының құқығын қорғауға бағытталған заң жобасын[1] талқылау, сонымен қатар аталған құжатты жақсарту үшін Мәжіліске арнап ұсыныстар әзірлеу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Алматы Қоғамдық кеңесі ұйымдастырған шараға 20-дай сарапшы, қоғам және саясат қайраткері қатысты. Олардың ұсыныстары Мәжіліске бағытталды.
Алғашқы сөз алған Алматы Қоғамдық кеңесінің төрайымы, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Алтынай Көбеева мәселенің өзекті екенін атап өтті. Қоғамдық кеңеске бағытталған арыз-шағымдардың көп бөлігі қазақстандықтардың кредитіне қатысты алаяқтық іс-әрекеттерге қатысты екен. «Жазда біз жеке сот орындаушылардың қызметі туралы мәселені көтеріп, Мәжіліс және Сенат депутаттарына нормативті-құқықтық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде бірқатар ұсыныс берген болатынбыз», – деді Мәслихат депутаты.
Талқыны бастаған шара модераторы, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі, Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов заң жобасының негізгі ұсыныстарын атап өтті: «Бұл – бірінші кезекте тұтынушылардың құқығын қорғау, жалғыз үйі болса, оны сату немесе кепілге қоюға шектеу салу, үйден шығарып тастауға тыйым салу, әскери қызметке шақырылғандардың қарызын өтеуді міндетті түрде кейінге шегеру. Микроқаржы ұйымдарына ең ұнамайтын ұсыныс – банк қарызы немесе шағын кредит бойынша 90 күннен көп уақыт бойы өтелмеген борышы бар жеке тұлғаға шағын кредит беруге тыйым салу, себебі аталған ұйымдар қарызын уақтылы төлемеген азаматтармен жұмыс істейді».
Сарапшы Мәжіліске арнап дайындалған, соңғы 5 жыл ішіндегі жеке тұлғалардың кредиттелуі статистикасына жүргізілген талдауы бар анықтамалық ақпараттың[2] қорытындысы мен ұсыныстарын да бөлісті. Жекелей алғанда Марат Шибұтовтың пікірінше, елде халықтың жаппай кредит алуы деген мәселе жоқ, алайда басқа проблемалар бар, мысалы, біз қазақстандық қарыз алушының кім екенін, жынысы, табысы, жасы, қай жерде тұратыны секілді ақпаратты білмейміз.
Оның ойынша, жағдайды жақсырақ түсіну үшін қаржы ұйымдары беретін қарызды түріне қарай топтау қажет: тауар кредитін (бөліп төлеуге алу) тұтынушылық кепілсіз кредиттің жалпы санатынан, мемлекет қатысатын ипотека мен автокредитті басқалардан, микроқаржы ұйымы беретін онлайн қарызды басқа қарыздан бөлек алып қарастыру керек. Бұған қоса, қаржы ұйымдары тиісті ақпаратты бермесе, тағайындалатын жазаны қатаңдату қажет, себебі бірқатар қарыз беруші, арасында микроқаржы ұйымдары бар, есепті уақтылы тапсырмайды, салдарынан адамдар кредитті үсті-үстіне ала береді.
«Микроқаржы ұйымдарында 45 күнге дейін және 45 күннен көп деген қарыз түрлері бар. 45 күнге дейінгісі, оны жалақы алғанша берілетін қарыз деп те атайды, қатерлі, себебі жоғары пайыздық мөлшерлеме қоюға болады. Ал 45 күннен жоғары болса, мәселен, бірнеше айға берілсе, микроқаржы ұйымының мөлшерлемесі банктікіндей болуға тиіс» [3], – деп ұсынды Шибұтов.
Сарапшының сөзіне қарағанда, реттеуші орган банктерге қатысты енгізгендей, микроқаржы ұйымдарына арнап белгіленген нормативтер енгізуі керек. Мысалы, ұйым кредит қоржынын бақылауда ұстап отыру үшін, стандарт және төленбейтін кредиттер үлесін бекіту қажет. Қазір төленбейтін кредиттер үлесі банктерде қысқарып келеді, ал микроқаржы ұйымдарында, керісінше, артуда. Статистикаға сәйкес, уақтылы төленбеген кредиттердің банктердегі үлесі 6,7%, ал микроқаржы ұйымдарында 15,7% екен. Шибұтовтың пікірінше, бұл – экономика үшін үлкен проблема.
Дөңгелек үстел қатысушыларының пікірі екі жарылды. Мәселен, аналитик, Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшесі Наталья Малярчук заң жобасы асығыс әзірленген деп санайды, себебі өзгертулердің бір бөлігі азаматтардың құқығын бұзады екен. Оның ойынша, заң жобасы, мысалы, әскери қызметшілердің кредит алуға деген құқығын шектеп, алалау тудырады, алайда бұл проблеманың артында халықтың қаржы сауатының төмендігі тұр. Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Гүлмира Байғабылова білім министрлігі мектеп бағдарламасы аясында қаржы сауаты пәнін енгізіп, жүйелі түрде жүргізіп отыра алатынын атап өтті.
«Қазақстанның қаржы мәдениеті» Қоғамдық Қорының құрылтайшысы Юрий Ли қазіргі жағдай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жұмысының жеткіліксіз атқарылмауы салдарынан туындап отыр деген сенімде. Оның сөзіне қарағанда, негізгі салалық заңдар ҚНРДА-ға тым үлкен уәкілдік беріп отыр, тіпті агенттік өз өкілін микроқаржы ұйымына не банкке тікелей бағыттай алады, алайда жаңа нормативтік-құқықтық актілер тұрақты түрде талқыға түсіп тұрады. «Қазіргі уақыта соңғы 4 жыл ішіндегі проблемалық қарыз алушылардың жартысын, яғни 900 мыңын микроқаржы ұйымдары беріп отыр. Статистикаға қарасақ, 2019 жылы мұндай азаматтар саны 29 мың болатын, қазір 900 мыңға жетті. Бұл қалай пайда болды сонда?» – деп түсінбеушілік білдірді ол. Юрий қарыздарды коллекторларға беруге тыйым салу жүзеге асырылады деген сенімде, себебі бұл қарыз алушылармен жұмыс істегісі келмейтін микроқаржы ұйымдары мен банктердің балансына күш салады.
Isker isi әлеуметтік жобасының басшысы Бибінұр Шерәлиеваның пікірінше, халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін қарызды рәсімдеуді қайта қарастыру маңызды: «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын, төлем қабілеттілігі жоқ адамдарға неге кредит береміз? Мен АӘК комиссиясының мүшесімін. АӘК-ті мемлекет қиын жағдайдағы отбасыға бала-шағасын асырасын деп береді. Алайда мен жұмыс істейтін АӘК алатын азаматтарда микроқаржы ұйымдарында 10-нан көп несиесі бар. Кейін оларды қалай құтқарамыз деп әбігерге түспес үшін, неге осыған заң бойынша тыйым салмасқа?». Сарапшы басқа мемлекеттердегідей, азаматтың табысы төмен болса, кредит алу үшін рейтингін біртіндеп өсіруге тиіс деген ойда.
Алайда бұл пікірмен қатысушылардың бәрі бірдей келіскен жоқ. Қаржы аналитигі, Finance.kz телеграм-арнасының авторы Андрей Чеботарев қиын жағдайдағы азаматтарды кредит алып, оны өмірін жақсартуға бағыттау мүмкіндігінен айыруға болмайды деп санайды. Бұл топтағы адамдарға кредит алуға тыйым салынса, олар ақшаны заңсыз жолмен қарызға алуы мүмкін, сондықтан мұндай шараларға жол бермеу керек. Өз кезегінде Марат Шибұтов реттеуші тарапынан қадағалау болмаса, қаржы ұйымы кредитті тиісті скорингсіз, ақшаның қайтарылмауы мүмкін екенін ескермей бере беруі ықтималдығын еске салып өтті.
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі, экономист Айдархан Құсайыновтың ойынша, микроқаржы ұйымдарын, әсіресе онлайн қарыз берушілерді банктермен араластырмау керек, себебі олар түрлі сегментте жұмыс істейді. Шибұтов бұл оймен келісіп отыр: онлайн қарыз берушілер нарықтың шағын бөлігіне ие және айтарлықтай проблема тудырмайды, мәселе 45 күннен артық уақытқа кредит рәсімдейтін микроқаржы ұйымдарында. Жалпы алғанда, Құсайыновтың айтуынша, заң жобасына келгенде мұқият болу қажет: «Барлық қаржыгер жаппай кредиттелудің жоқ екенін айтады. Мен тіпті мұны халықтың кедей топтарына қамқорлық көрсету түрінде назарға ілінеді-ау деген үмітпен айтылған таза саяси хайп деп санаймын».
Депутат Ерлан Стамбеков өз кезегінде қазір Мәжіліс қарауында қаржы нарығын дамыту мәселелеріне қатысты екінші заң жобасы жатқанын, ол бойынша жұмыс тобының жетекшісі өзі екенін атап өтті. Бірінші құжатқа енгізілмеген ұсыныстар осы екінші жобада қамтылған. Депутат кредиттердің жалпы сомасы 20 триллион теңгедей болатынын еске салды. Бұдан бөлек, ол 45 күндік шағын кредиттердің бір адамға қайта-қайта берілу статистикасының артқанын атады, яғни қарыз алушыда кредитті жабуда проблема туындаса, ұйым жаңа кредит алуды ұсынады екен: «Бұл ретте мен микроқаржы ұйымдарын айыптайын деп отырған жоқпын. Ойын ережесі сондай, бұл ұйымдарды заң талаптары қамтымады, сәйкесінше осындайға жол берілді. Біздің міндет – бұл қарыз алушының құқығын барлық қатысушы бірдей құрметтейтін нарық құру, тепе-теңдік орнату». Стамбековтың айтуынша, аталған жағдайда тек ҚНРДА-ны кінәлауға болмайды, себебі бұл – ұзақ жылдар бойы біз қалыптастырған, тіпті проблемаға тап болған банктерді қаржыландырған жүйенің мұрасы.
Сарапшылар мемлекеттік жәрдемақыны табыс деп есептемеудің маңызы жөнінде де айтты. Қазір банктер де, микроқаржы ұйымдары да оны табыс деп санайды дейді Шерәлиева. Сенат депутаты Жанна Асанованың қоғамдық көмекшісі Ринат Мұстафин онымен келісіп отыр: мемлекет төлейтін міндетті базалық төлемдерді қарыз салмағының коэффициентін есептеуде табыс ретінде қарастырмау керек. Депутат Стамбековтың пікірінше, бұл мәселе бір қарағаннан күрделірек: мысалы, зейнетақы мемлекет бөлген төлемнен және БЖЗҚ табысынан тұрады, мұның екіншісін табыс ретінде қарастыруға болады. Экономист Құсайыновтың пікірінше, азаматтың мүгедектігі болса және ол бұл санаттан ешқашан шықпаса, ай сайын белгілі бір соманы нақты алып отырады. Яғни оған жәрдемақы төлену ықтималдығы жалақыға қарағанда жоғары.
Жиналысты қорытындылай келе Марат Шибұтов дөңгелек үстелдің басты ұсыныстары Мәжіліске жіберілетінін, алайда жұмыстың жалғасатынын айтты, себебі аталған мәселе жүз мыңдаған адамға қатысты, сондықтан әр пікірді ескеру қажет.
[1]Кредит беру барысында туындайтын қатерлерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кей заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы: https://www.parlam.kz/ru/mazhilis/post-item/36/17283. Өзгертулер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасының 15 заңнамалық актісіне енгізу ұсынылуда.
[2] «Кредит нарығы және қазақстандықтар» анықтамалық ақпараты, Марат Шибұтовтың Telegram-дағы авторлық арнасы: https://t.me/geo_2019/7287
[3] Микроқаржы ұйымдары кредиттері бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме жақында 146%-ға дейін артты. Кредиттер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеменің ең жоғарғы шегі – 56%.
https://www.instagram.com/reel/C3zcCXPCETU/?igsh=MXNoYzJzYzJoa3N3dQ==