VІ сайланған

Алматы қаласы мәслихатының  

кезектен тыс ІІ сессиясының

  2016 жылғы «___»   наурыздағы

№_____ шешіміне

 

Алматы қаласының Қоғамдық Кеңесі туралы ереже

  1. Жалпы ережелер
  1. Осы Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 5-тармағына және Қоғамдық кеңес туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1194 Қаулысымен бекітілген Үлгілік ережеге (бұдан әрі – Үлгілік ереже) сәйкес әзірленді.
  2. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі ( бұдан әрі – Қоғамдық кеңес) – консультативтік-кеңесші, байқаушы орган.
  3. Мемлекеттік органдардың жанынан Заңда көзделгеннен өзгеше тәртіппен құрылатын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар және коммерциялық емес ұйымдар «қоғамдық кеңес» атауына ие бола алмайды және Заңда  белгіленген өкілеттіктерді толық көлемде иелене алмайды.
  4. Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің              2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1194 Қаулысымен бекітілген Үлгілік ережені, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.
  1. Қоғамдық кеңестің мақсаты мен міндеттері
  1. Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру қоғамдық кеңес қызметінің мақсаты болып табылады.
    2. Қоғамдық кеңестің міндеттері:

1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;

2) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;
3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

  1. Қоғамдық кеңестер қызметінің қағидаттары

Қоғамдық кеңестер өз қызметін мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:

1) қоғамдық негіздегі қызметі;

2) автономдық;

3) дербестік;

4) жариялылық;

5) олардың мүшелерін кезең-кезеңмен ротациялау.

  1. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктері
  1. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне мыналар:

1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын талқылау;

2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының орындалуын талқылау;

3) мемлекеттік органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау;

4) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;

5) қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға енгізу;

7) Заңда қарастырылған қоғамдық бақылау, мониторинг, тыңдау, сараптамаларды жүзеге асыру;

8) Қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын оның бірінші отырысында талқылау және бекіту үшін мемлекеттік органға енгізу;

9) қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру жатады.

  1. Қоғамдық кеңестердің және олардың мүшелерінің құқықтары мен міндеттері
  1. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен мемлекеттік органдарға кіруге;

2) осы Заңда белгіленген өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүгінуге құқығы бар.

  1. Өз қызметінде Қоғамдық кеңес және оның мүшелері:

1) Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларын сақтауға;

2) өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруға;

3) өз қызметі туралы жылдық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

  1. Қоғамдық кеңестерді қалыптастыру тәртібі
  1. Қоғамдық кеңес Заңмен қарастырылған тәртіпте қалыптасады.
  2. Жұмыс тобы қоғамдық кеңестерді мемлекеттік органдардың өкілдері және конкурстық негізде – коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар арасынан қалыптастырады.
  3. Қоғамдық кеңес мүшелерінің санының құрамын жұмыс тобы айқындайды.
  4. Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік органнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бір бөлігінен аспауы тиіс. Аталған өкілдіктің дербес құрамын мемлекеттік органның басшысы өзі дербес айқындайды. Бұл кезде мемлекеттік органның басшысы Қоғамдық кеңесте қаралатын мәселелердің басымдығына сүйенуге тиіс.
  5. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар ұсынуы, оның ішінде адамдардың өзін-өзі ұсынуы мүмкін.
  6. Жұмыс тобы конкурс туралы хабарландыруды мемлекеттік органның атауын, пошта мекенжайын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, конкурсқа қатысу үшін осы Заңның 10-бабына сәйкес құжаттар және өзге де мәліметтер жіберілетін электрондық поштаның мекенжайын көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды және (немесе) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады.
  7. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қоғамдық кеңеске бір ғана өкіл сайлана алады.
  8. Қоғамдық кеңестің мүшелері – мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін белгілі қоғам қайраткерлері арасынан оның төрағасы сайланады.

Қоғамдық кеңес мүшесіне үміткерлерге Заңның 10 бабына сәйкес талаптар қойылады.

  1. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамы мемлекеттік органның шешімімен немесе жергілікті өкілді органның шешімімен бекітіледі және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
  2. Қоғамдық кеңес өкілеттіктерінің мерзімі үш жылды құрайды.
  1. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру
  1. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ашады.

Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасының бүкіл құрамы сайланады.

  1. Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.

Қажет болған жағдайларда Қоғамдық кеңестің отырысына оның шешімімен мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін.

  1. Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық деп саналады. Қоғамдық кеңес отырыстарын өткізу жағдайы мен тәртібі, сондай-ақ, шешімдерді қабылдау тәртібі Қоғамдық кеңес туралы ережемен айқындалады.

Отырыстар өткізудің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңестің шешімімен айқындалады.

  1. Қоғамдық кеңестің мүшелері өз өкілеттіктері шегінде кеңесші дауыс беру құқығымен өзге де қоғамдық кеңестердің қызметіне қатыса алады, ал бұдан басқа, жергілікті деңгейде ауданның Қоғамдық кеңесінің төрағасы қаллық Қоғамдық кеңестің құрамына кіруге құқылы.
  2. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған тиісті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
  1. Қоғамдық кеңестің ұйымдық құрылымы және оның төралқасының өкілеттіктері
  1. Отырыс Қоғамдық кеңестің жоғары органы болып табылады.
  2. Қоғамдық кеңес қызметіне басшылықты жүзеге асыру үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңес төралқасы сайланады. Төралқаның құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы, қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған мемлекеттік органның басшысы, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді.
  3. Төралқаның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары кіре алады және Қоғамдық кеңестің қызметіне қатыса алады.
  4. Қоғамдық кеңестің төралқасы:

1) Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді;

2) Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты ұйымдастырады;

3) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді.

  1. Қоғамдық кеңес өзінің өкілетті мерзіміне Қоғамдық кеңес мүшелері қатарынан қызметінің бағыттары бойынша комиссиялар құрайды.
  2. Қоғамдық кеңес төрағасы мен хатшысының өкілеттіктері
  1. Қоғамдық кеңестің төрағасы:

1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

2) отырыстарда төрағалық етеді;

3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;

4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;

5) жергілікті мемлекеттік басқару органының отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;

6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.

  1. Қоғамдық кеңестің хатшысы:

1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.

  1. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
  1. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Заңмен және осы Ережемен айқындалады.
  2. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібінде:
    1) қоғамдық тыңдауға қатысушыларды оның өткізілетін уақыты мен орны туралы бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) жазбаша шақырулар арқылы, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын құлақтандыру;

2) қоғамдық тыңдауға шығарылатын нормативтік-құқықтық актілер мен шешімдердің жобаларымен, бірақ ол өткізілетін күннен кемінде күнтізбелік он күннен кешіктірмей күні бұрын таныстыру;

3) қоғамдық тыңдауға қатысуды қамтамасыз ететін басқа да шаралар;

4) ) қабылданған шешімдерді уәждеп негіздеуді қоса алғанда, қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасын жариялау көзделуге тиіс.

  1. Қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қойылатын үлгілік талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
  2. Қоғамдық тыңдау Қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі.

Қоғамдық кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша Қоғамдық кеңес комиссиялары қоғамдық тыңдауды өткізуге құқылы.

  1. Қоғамдық тыңдауды өткізу барысында Қоғамдық кеңес немесе Қоғамдық кеңес комиссиясымен хаттама жүргізіледі, онда:

1) қоғамдық тыңдау өткізілетін күні мен орны;

2) қатысушылардың саны;

3) қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

4) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің мазмұны тіркеледі.

  1. Қоғамдық тыңдау нәтижелері бойынша Қоғамдық кеңес немесе Қоғамдық кеңес комиссиясымен қорытынды хаттама қабылданады, оған қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысы қол қояды.
    7. Қорытынды хаттама, егер оған Қоғамдық кеңестің немесе Қоғамдық кеңес комиссиясының  қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
  2. Қорытынды хаттама негізінде ұсыныс қабылданады, оған Қоғамдық кеңес төрағасы қолын қояды.
  3. Қоғамдық кеңестің төрағасы қорытынды хаттама негізінде қабылданған ұсынымдарды:

1) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бақылау субъектілеріне;

2) зерделеу және шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдардың қызметін бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға;

3) бұқаралық ақпарат құралдарына жібереді.

  1. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату      
  1. Қоғамдық кеңестің мүшесі жазбаша түрде өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.
  2. Қоғамдық кеңестің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда не осы Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген өзге де негіздер бойынша Қоғамдық кеңестің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.
  3. Қоғамдық кеңес шығып қалған мүшесінің орнына оның өкілеттіктерінің қалған мерзіміне осы Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес конкурс нәтижелері бойынша немесе мемлекеттік органның шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамына жаңа мүшесін қосу туралы шешім қабылдайды.
  1. Өтпелі және қорытынды ережелер
  1. Осы Ереже жергілікті қоғамдастық жиналысын қалыптастыру тәртібіне қолданылмайды, ол Қазақстан Республикасының  жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасымен  регламенттеледі.
  2. Жергілікті қоғамдастық жиналысы Қоғамдық кеңестің функцияларын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен және Заңмен белгіленген өкілеттіктерге сәйкес жүзеге асырады.

__________________________

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ                                                           МАСЛИХАТ

     МӘСЛИХАТЫ                                                              ГОРОДА АЛМАТЫ

                                     

             ШЕШІМ                                                                        РЕШЕНИЕ

 

VI-шы шақырылымдағы

Алматы қаласы мәслихатының

кезектен тыс II-ші сессиясының

«Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі туралы

Ережені бекіту туралы» 2016 жылғы

29 наурыздағы № 7 шешіміне

толықтырулар енгізу туралы  

 

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6 бабына және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес VI-шы шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихаты ШЕШТІ:

  1. VI-шы шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс II-ші сессиясының «Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі туралы Ережені бекіту туралы» 2016 жылғы 29 наурыздағы № 7 шешіміне келесі толықтырулар енгізу:

Аталмыш шешіммен бекітілген Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі туралы ережеге:

«Қоғамдық кеңесті қалыптастыру» атты 6 бөлімді келесі мазмұндағы 3.1. және 3.2. тармақтарымен толықтыру:

«3.1. Қоғамдық кеңестің сандық құрамы Қоғамдық қеңес отырысының (жалпы жиналысының) шешімімен кеңейтілуі (үлкейтілуі) мүмкін.»;

«3.2. Қоғамдық кеңестің сандық құрамы ротация жолымен өзгертілуі мүмкін.»;

«Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттілігін тоқтату» атты 11 бөлімді келесі мазмұндағы 2.1. тармағымен толықтыру:

«2.1. Қоғамдық кеңестің қызметіне және оның отырыстарына жүйелі түрде қатыспағаны үшін (орынды себептерсіз 3 реттен астам) Қоғамдық кеңестің  мүшесі оның құрамынан шығарылуға жатады.».

  1. Аталмыш шешімнің орындалуын жергілікті мемлекеттік басқару және тұрғын үй саясаты сұрақтары бойынша тұрақты комиссияның төрайымы Д.Ж.Нөкетаеваға жүктелсін.

 

VI-шы шақырылымдағы

Алматы қаласы мәслихатының 

Х-шы сессиясының төрайымы                                            Р. Бадаева

 

VI-шы шақырылымдағы

Алматы қаласы мәслихатының хатшысы                         Қ. Қазанбаев

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support
Анализ сайта