Қала құрылысының, тұрғын үйлерінің жаңартылуы, оның заманауи сипатқа ие болуы да қаланың бизнес атмосферасына, инвестициялық тартымдылығына айрықша әсер етеді. Себебі, баршаға мәлім, қазіргі тұтыну психологиясы сан мен сапа мәселесінен бұрын «жайлылық» пен «жарасымдылық» принциптерін басты кезекте қарастырады.
Алматының қарқыны артқан демографиялық массасына қарамастан қаланың жаңаруы мен жаңғыруы кешеуілдеп келген. Бұған қатысты тұрғындардың сын-пікірі де күшейгені мәлім. Қаламыз туристік, инвестициялық тартымдылығы жағынан республиканың көшін бастағанымен, бұның өзі де тәуелді факторлармен шектеліп келді.
Қарап отырсақ, қазір қала әкімдігі осы мәселеге баса назар аударғанын байқаймыз. Ресми мәліметтерге қарағанда Алматыда жалпы саны 1366 ескі тұрғын үй бар екен. Мұндай көлемдегі тұрғын үйлер дер уақытында жаңартылмаса, бұл қаланың болашақ бейнесіне өзінің кері әсерін тигізбей қоймайды. Себебі, уақыт өткен сайын бұндай тұрғын үйлер саны артпаса кемімейді. Осыны ескере отырып, қаладағы тұрғын үйлерді жаңарту бойынша шешуші қадамдар қолға алынды.
Соның ең алғашқы қадамы – 29 қараша күні қалалық Мәслихат бекіткен жаңа бағдарлама. Бұл бағдарлама тікелей тұрғын үйлерді реновациялауға бағытталған. Яғни, Алматыда 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасы деп аталады.
Жаңа бағдарлама ендігі тұрғын үй жобаларын кварталдық салуға қарай бейімдейді. Яғни, алдағы уақытта барлық жаңа тұрғын үй құрылыстары қаланың даму жөніндегі бас жоспарымен үйлестіріліп отырмақ. Кварталдар бойынша тұрғын үйлерді жаңартуда ескі тұрғын үйлердегі тұрғындар «бөлмеге бөлме» қағидасы бойынша жаңа баспана ала алады. Немесе қалауынша үйдің нарқытағы құны бойынша компенсация алуына болады.
Бұл шетелдерде де қолданылатын, әрі қаламызда осыған дейін де қолданылып келе жатқан үйреншікті тәжірибе, сондықтан тұрғындар мен әкімдік арасында түсіністік пен келісімге қол жеткізу тезірек болары анық. Жаңа бағдарламаға сәйкес алдағы 6 жыл ішінде қаладағы ескі үйлердің тең жартысын жаңарту жоспарланған. Демек бұл қаламыздың орта мерзімді перспективадағы даму деңгейін, болашақ бейнесін жарқын елестете берсек болады.