Бүгін Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің № 5 Денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында қаламыздағы Білім беру басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның есебі тыңдалды.
Менің төрағалығыммен өткізілген осы жиынды қоғам белсендісі, Қоғамдық кеңес мүшесі Рафаэль Гасанов модератор ретінде жүргізді. Мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіби білім беру мәселелері, білім саласындағы кадр тапшылығы, оқу орнының тапшылығын кезең-кезеңмен азайту үшін атқарылып жатқан шаралар қарастырылды. Осы бағытта 2021 жылы 3 орта білім беру мектебі ашылып, 7963 оқу орыны бар мектептер жанынан қосымша ғимараттар салынған. Алдағы уақытта 7200 оқу орыны бар 5 мектеп салынуы жоспарланған. Сонымен қатар, білім саласындағы әлеуметтік осал отбасыларына қолдау мен демеушілік көмек көрсетілгендігі, ыстық тағаммен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер қарастырылды. Өзекті күн тәртібіндегі мәселе – техникалық және кәсіби оқу орындарында білім алатын студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету қажеттілігі де қарастырылды. Жатақхана тапшылығын шешу үшін 300 төсек орыны бар жатақхана және болашақ маман иелеріне қосымша жатақханасы бар 2 колледждің құрылысы жоспарланған. Осындай өзекті әрі шешімін дер кезінде табуы керек мәселелер қарастырылып, жиын соңында Коғамдық кеңес және Үкіметтік емес ұйым мүшелері жиын спикері – Ләззат Әуесханқызына өз сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен мәселелерді шешу жолы бойынша пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар кезекті отырысында Алматы қаласы білім беру жүйесінің өзекті мәселелерімен қала бойынша Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева таныстырды. Бала бақшаларда 43 мыңнан астам 6 жасқа дейінгі балалар кезекте тұрғандығы, білім саласындағы мамандардың аттестациядан өтудегі бұзушылықтардың орын алғандығы айтылып, ата-аналар тарапынан түсетін шағымдарды дер кезінде қарастыру арқылы және білім беру мекемелерінде жүргізілетін рейдтер арқылы өзекті мәселелер анықталып, Білім беру басқармасына түзету үшін ұсыныстар берілген. Яғни екі басқарма арасындағы өзара байланыс нәтижесінде жүйелі жұмыстар жүргізілген, жиын соңында Коғамдық кеңес және Үкіметтік емес ұйым мүшелері жиын спикері – Гүлнар Өмірбекқызына өз сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен мәселелерді шешу жолы бойынша пікірлерін білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» атты Жолдауының басты бағыттарымен Қоғамдық кеңес мүшесі, журналист Полина Шиманская бөлісті. Жолдаудың әр бағытына тоқталған П.Шиманская қаламыздағы өзекті мәселелерді, әсіресе білім саласында көтерілген проблемаларды атай отырып, шешімін табу жолдарын осы Жолдаудағы нақты тапсырмалармен ұштастырды. Жалпы, еліміздің өсіп-өркендеуіне серпін берген «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» Жолдауының заман талабына сай халқымызға елеулі қолдау көрсететінін Қоғамдық кеңес мүшелері ерекше атап өтті.